11
январь
2021
Мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы
Әр адам жаңа белеске қадам басқанда өткенін саралап, өзіне есеп береді. Бұл дағды келешекке нақты қадам жасап, жетілуге оң әсер етеді. Еліміз тұғырлы тәуелсіздігіне жеткен тұстан бастап күні бүгінге дейін өркениетті елдердің қатарына кіруді мақсат тұтты. Жарқын күндерге жол бастаған басшыны халық та қолдады, сол даңғыл жолды дұрыс санады. Мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті «Егемен Қазақстанға» жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы осыған саяды. «Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр», – дейді Президент. Расында, еліміздің ширек ғасырдан асқан тәуелсіздік жылдары еңсемізді тіктеумен қатар, рухымыз асқақтап, экономикамыз әлемнің озық елдерімен иық тіресе алар жағдайға жетті. Бүгінде біз кімбіз? Тәуелсіз Қазақстанның азат азаматтарымыз. Кешегі Алаш арыстары мен, қара қазан, сары бала қамы үшін от кешкен батыр бабаларымыздың аңсар мұраты болған тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында атқарған істеріміз бен толағай табыстарымыз расымен кеуде қағуға тұрарлық. Алар асуымыздың бәрі алда. Төрт бөлімнен тұратын мақаланың қорытынды бөлімінде Президент патриотизм ұғымына аса мән береді. Жастардың бойына осы қасиетті ұғымды сіңіріп, елдіміздің туын биік ұстап тұру керектігін баса айтады. Бізден кейінгі буынның арқалар жүгі расымен ауыр. Осы отыз жылдықта іргесі берік қаланған мемлекетіміздің дербестігін сақтай отырып, елімізді жаңа жетістіктерге жеткізу, әлем алдында мойындату, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту, рухын шыңдау сынды міндеттер біздің басты бағытымыз болуы тиіс. Бұл бабалар алдындағы қасиетті парыз. Президент мақаласымен шегелеп берілген міндеттер мен алға қойылған мақсаттардың бәрі ұрпағымыздың ұлағатты жолына оң әсер береді деп сенемін.