01
ноябрь
2017
Ақын Шырын Мамасеріковамен «Сыр-сұхбат» атты кездесудің Анықтамасы
№9 В.А. Савва атындағы орта мектебінде өткізілген Меркі ауданының ақыны Шырын Мамасеріковамен «Сыр-сұхбат» атты кездесудің
Анықтамасы
Мақсаты: Оқушыларға ақын апамыз Шырын Мамасерікованың өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер беру, оның шығармашылығын дәріптеу, өзіндік ерекшеліктерін анықтау; ақынның туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін жеткізу; білімгерлерге поэзияны сүюге, түсіне білуге дағдыландыру, мәнерлеп оқу дағдыларын жетілдіру.
«Поэзия – әйелдей жұмбақ әлем,
Сиқыр сырын түсінер тұлға да кем:
Жаны – тұнған тұңғиық тереңдік те,
Қимылы – ырғақ, әуен.
Поэзия арудай құпиясын
Ұқтырар жылдап әрең...» деп Фариза апамыз жырлағандай, ауданымыздың мақтанышы бірнеше облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысып, жүлдегер атанған. «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Асылдың сынықтары», «Арман гүлі» атты кітаптарының авторы ақын Шырын Мамасерікова апайымыз мектеп оқушыларымен кездесті.
Кешегі қазақтың кемеңгер, ғажайып ұлы тұлғалары, өлеңнің хас шеберлерінің ізін жалғаған Шырын апайымыз елімізді, жерімізді мөлдір судай сылдырап аққан сырға толыжырларымен сусындатып келеді. Ақын апамыздың өлеңдерімен сусындап жүрген оқушыларымыздың бірқатары кездесуіміздің «Поэзия минуты» бөлімінде ақын өлеңдерін оқыды. Олар:
1.Жақсылық Диана «Ақындарға»
2.Ахмет Бекжан «Әдемі әйел»
3.Айдарбек Арнат «Дос керек»
4.Абдулла Жібек «Ана мұңы»
5.Орынбасар Ерсұлтан «Мерейлі Меркі» және т.б.
Шығыстың ұлы шайыры: «Ақындары әкімдерін іздесе, ондай елдің маңдай соры бес елі, әкімдері ақындарын іздесе, бақыт нұрын кешеді» десе, атақты Наполеон Бонапарт: «Феодализмді құртқан зеңбірек, адамзат пен қоғамның ендігі тағдыры қаламға байланысты. Қаламнан қуатты қару жоқ. Әлемді билейтін- сөз, сөзді билейтін - ақын» деген екен. «Ақынын құрметтеген ел озады, ақынын сыйламаған ел тозады» дейді. Сонымен қатар ақын өмірінен бір үзік сыр шертер бейнесюжет көрсетілді. Бейнесюжет көрсетілгеннен кейін ақын өміріне қызығушылық танытқан бірнеше оқушы өз сұрақтарын қойып, қызықты жауаптар алды.
Ақын апайымыздың жолын қуып, ақындық өнерге бетбұрыс жасап жүрген шәкірттеріміз: Абатбай Сымбат, Атабек Аян, Мушенов Берік, ақынға арнаған арнауларын оқыды.
Поэзия ғашық жүректен туады. Ешкім ақындық оқуды бітіріп, ақын болмайды. Ақындық тума талант, құдіретті өнер. Ақынның міндеті - өз сезімін тұншықтырмау, ағынан жарылып, азапқа салған ауыр ойдан айтып құтылу. Ақынның бірінші ерекшелігі осы болса, екіншісі – ақын сыры жұртшылықтан жасырылмақ емес, сырын жасыруға да шамасы келмейді.Ол жылай отырып күлгенін, күле отырып жылап алғанын өзі де аңғармайды. Ақындар сезім дүниесі бөлек жандар. Ақын үшін жүректен жарып шыққан жырдан артық қымбат дүние жоқ. Осы орайда Шырын апай оқушыларға жылы лебізін білдіріп, «Қонақ кәде» ретінде бір өлеңін оқып берді.
Қонағымыз бүгінгі кеште өр де өткір, нәзік те сыршыл сезімдерімен бөлісіп, оқушыларға тәрбиелік мәні зор дүниелер айтып берді. Кездесуге қатысушыларымыз осындай әдемі кештен әдемі әсер алып, әсем жыр тыңдап, рухани байып, жан дүниелерін одан әрі кеңейте түсті.