30
март
2021
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 желтоқсандағы № 67 қаулысына 46-қосымша
2021 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 67 қаулысына
46-қосымша
Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде білім беру ұйымдарындағы қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын талаптар
- Жалпы ережелер
1. Асхана мен білім беру объектісінің қызметкерлері арасында COVID-19-дың таралуына жол бермеу мақсатында:
- қағаз немесе электрондық тасығышта (білім беру объектісінің ғимаратынан оқшауланған кіру жағдайында) тіркей отырып, күнделікті «кіру сүзгісін» байланыссыз термометрия жүргізу және дене температурасы жоғары және (немесе) респираторлық инфекция белгілері (жоғары температура, жөтел, мұрынның бітелуі) бар адамдарды міндетті түрде оқшаулау арқылы ұйымдастыру;
- объектіге кіреберісте қолды тері антисептигімен (оның ішінде орнатылған дозаторлар көмегімен) немесе дезинфекциялау сулықтарымен өңдеуге арналған орынды ұйымдастыру (білім беру объектісінің ғимаратынан оқшауланған кіретін жер болған жағдайда);
- тұрақты қол гигиенасы үшін ортақ пайдаланылатын орындарда (өндірістік үй-жайлар, санитариялық тораптар) қолды сабынмен жууға арналған қолжуғыштар (оның ішінде қабырға дозаторларымен жабдықталған), қолды тері антисептигімен өңдеуге арналған дозаторлар, жеке қағаз сүлгілер немесе электр сүлгілер, қақпағын ашуға арналған аяқ педалі бар қоқыс контейнерлерін орнату;
- персоналды келушілермен жұмыс істеу кезінде пайдалану үшін бір рет қолданылатын медициналық маскалармен (жұмыс ауысымының және маскаларды ауыстырудың ұзақтығына қарай 3 сағатта кемінде 1 рет), сондай-ақ қолды өңдеу үшін дезинфекциялау сулықтарымен немесе тері антисептиктерімен, қолғаптармен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Бір рет қолданылатын маскаларды қайта пайдалануға, сондай-ақ ылғалданған маскаларды пайдалануға жол берілмейді;
- персоналдың жұмыс орындары арасында қашықтықты (1,5 метрден кем емес) сақтай отырып, олардың асхананың қызметтік өндірістік үй-жайларында объектінің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті барынша аз мөлшерде болуын қамтамасыз ету;
- өндірістік процестермен (технологиялық жабдықты жөндеу және қызмет көрсету, шикізат пен өнімді жеткізу) байланысты жұмыстарды орындайтын адамдарды қоспағанда, асхана қызметіне байланысты емес адамдардың кіруін шектеу;
- үзіліс және демалыс уақытында асхана қызметкерлерінің қозғалысын шектеу (объекті аумағынан шығу, лауазымдық міндеттерін орындаумен байланысты емес басқа учаскелерге бару);
- білім беру объектісінің оқушыларымен, оқытушылар құрамымен және персоналымен ғана байланысатын қызметкерлерді анықтау қажет.
2. Жіті респираторлық инфекциялар (температура 37ºС жоғары, жөтел, мұрынның бітелуі) және басқа да инфекциялық аурулар белгілері бар асхана персоналы жұмысқа кіріспейді.
3. Асханаға кіреберісте және тамақтану залында қол жууға арналған жағдайлар, келушілердің қолын өңдеуге арналған тері антисептиктері көзделеді, олар көрінетін және қолжетімді жерлерде орнатылады.
4. Бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу мақсатында асхана тек оқушыларға, оқытушылар құрамына және білім беру объектісінің персоналына ғана қызмет көрсетеді.
5. Асхана қызметкерлері мен келушілер (оқушылар, оқытушылар құрамы, білім беру объектісінің персоналы) үшін асханаға кіру мүмкіндігінше бөлек көзделеді.
6. Асхананың толтырылуы тамақтану залының отыратын орындарының жобалық қуатынан 30%-дан аспайтын мөлшерде жүзеге асырылады.
7. Үстелдерді, орындықтарды және өзге де мүкәммалды орналастыруды үстелдер арасындағы және келушілер арасындағы кемінде 2 метр қашықтықты қамтамасыз етуді ескере отырып жүргізеді.
8. Асханалардың жұмыскерлері (сатушылар, аспаздар, даяшылар, кассирлер және тамақ өнімдерімен тікелей байланысы бар басқа да жұмыскерлер) келушілерге қолын жиі өңдей отырып, бір рет қолданылатын маскамен (маскаларды ауыстыру 3 сағатта кемінде 1 рет) қызмет көрсетеді.
9. Асханаларда өзіне-өзі қызмет көрсету типі бойынша тарату жүргізілмейді.
10. Келушілердің қозғалысын бағыттау үшін еденге тиісті белгі қою, қоршаулар мен тосқауыл ленталарын қою арқылы әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар жиналуы мүмкін жерлерге жол бермеу, кіретін және шығатын адамдардың қозғалыс ағынын бөлу мүмкіндігін көздеу қамтамасыз етіледі.
11. Асханаларда карантиндік шараларды сақтау мүмкін болмаған кезде қол гигиенасын сақтау үшін жағдайлар болғанда тамақты бір рет қолданылатын ыдыспен немесе кейіннен дезинфекциялай отырып, көп рет қолданылатын ланч-бокстармен сыныптарға жеткізу ұйымдастырылады.
12. Арасында кемінде 2 метр қашықтық сақтала отырып, 5 адамнан артық кезек құрылмайды.
13. Жоғарыда көрсетілген тармақтардың сақталуын бақылауды қамтамасыз ететін жауапты қызметкер бекітіледі.
14. Буфет өнімдерін сату жеке қаптамада жүзеге асырылады.
15. Асхананың жұмыс режимі мектеп әкімшілігімен келісім бойынша тамақтану аяқталғаннан кейін (ағындар арасында) тамақтану залын жинау және дезинфекциялау үшін кемінде 40 минут үзіліспен белгіленеді.
2. Үй-жайлардағы ауаны зарарсыздандыру
16. Объектінің әкімшілігі ауа температурасы мен ылғалдылығының оңтайлы жағдайларын қамтамасыз ету үшін ауа ортасын желдету және баптау жүйелеріне ревизия (тазарту, жуу, дезинфекциялау, сүзгілерді ауыстыру және т.б.) жүргізеді. Барлық үй-жайларды желдету кемінде күніне 3 рет жүргізіледі.
17. Желдету және ауаны баптау жүйесін тазарту және дезинфекциялау жоспарлы профилактикалық жұмыстардың кестесіне сәйкес жүргізіледі.
3. Үй-жайларды жинауға қойылатын талаптар
18. Залдарда рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күн сайын жинау жүргізіледі. Дезинфекциялау құралдарымен жұмыстың барлық түрлерін ылғал өткізбейтін герметикалық қолғаптарда орындау керек.
19. Объектілерді дезинфекциялау мынадай еселікпен жүргізіледі:
- тамақтану залының едендері, сауда сөрелері – күніне кемінде 2 рет таңертең және кешке, сондай-ақ қажеттілік бойынша;
- подностар, тамақ тарату лентасы, есік тұтқалары, кассалық аппараттар, банк терминалы – әр 3 сағат сайын;
- қоғамдық санитариялық тораптар (еден, санитариялық-техникалық жабдық, оның ішінде кран вентильдері, унитаз бөшкелерінің су ағызатын тетіктері), таяныштар, лифт түймелері – күніне кемінде 3 рет.
Жинау мүкәммалы жинау жүргізілгеннен кейін міндетті түрде дезинфекциялануы тиіс.
20. Дезинфекциялау үшін Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген және қолдануға рұқсат етілген және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізіліміне енгізілген құралдар қолданылады.
21. Дезинфекциялау жүргізу кезінде экспозиция уақытын (өңделетін объектінің бетінде дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісінің болу уақыты) және дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісінің шоғырлануын препаратқа арналған нұсқаулыққа сәйкес қатаң сақтаған дұрыс.
22. Өңдеуден кейін беті сумен жуылады және қағаз сүлгілермен, бір рет қолданылатын сулықтармен немесе шүберекпен кептіріледі. Дезинфекциялау құралын пайдалану регламенті дезинфекциялау құралын қолдану жөніндегі нұсқаулықта айқындалған, онда дезинфекциялау құралын экспозициясынан кейін оны жуу қажеттілігі немесе қажеттілігінің болмауы түсіндіріледі.
23. Жұмыс ауысымы аяқталғаннан кейін (жұмыс аусымының ұзақтығы 6 сағаттан көп болса – әр 6 сағат сайын) үй-жайларды дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, есік тұтқаларын, тұтқаларды, үстелдерді, орындықтардың арқаларын (креслолардың шынтақ тіректерін), тамақтану залына (асханаға) кіреберістегі қол жууға арналған раковиналарды, өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелеріне ылғалды жинау жүргізіледі.
24. Әрбір объектіде шүберекке, жинау мүкәммалына есепті қажеттілікке қарай дезинфекциялау құралдарының азаймайтын қоры жасалады.
25. Дезинфекциялау құралдарын дайындаушының қаптамаларында, балалардың қолы жетпейтін, арнайы бөлінген құрғақ жерде тығыз жабылған күйінде сақтайды. Дезинфекциялау іс-шараларын жүргізу кезіндегі сақтық шаралары және кездейсоқ улану кезіндегі алғашқы көмек әрбір нақты дезинфекциялау құралына арналған оларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда жазылған.».