«Менің мамандығым – менің таңдауым»
2026 жылы 15 сәуір күні Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектеп-лицейіміздің 9 сынып білім алушыларына №9 Меркі колледжінің білікті мамандары «Менің мамандығым – менің таңдауым» тақырыбында кәсіби бағдар беру мақсатында кездесу өткізіп, оқуға түсуге үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Колледждің негізгі мақсаты - білім алушылардың мамандық әлемі және оның ерекшіліктері туралы дүниетанымын кеңейту; мамандықтар туралы көзқарасын дамыту, алдағы уақытта заман талабына сай дұрыс мамандық алу үшін бағыт – бағдар беру.
Кездесу барысында оқушыларға түрлі мамандықтар туралы кеңінен ақпарат беріліп, колледжде оқытылатын «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» (түрлері бойынша), «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Токарлық іс», «Электр жабдықтары» (түрлері бойынша) мамандық түрлерімен кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, колледжге түсу шарттары, оқу үдерісі және болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде жан-жақты мәліметтер ұсынылды.
Қорытындылай келе, аталған кездесу оқушылардың кәсіби бағдарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Олар өз қабілеттері мен қызығушылықтарына сай мамандық таңдаудың маңыздылығын түсініп, болашаққа деген сенімдері арта түсті.Осындай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Меркі колледжі мамандарына көрсеткен қолдауы мен пайдалы ақпараттары үшін алғысымызды білдіреміз.
КББ: Ж.Иманбаева, А.Байкулова

