13
май
2019
9-мамыр жеңіс күні
Жеңіс күні 9-мамыр – бүкіл дүниежүзі бойынша үлкен мейрам. Әсіресе, бұл мереке екінші дүниежүзілік соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешіп, соғыстың қанға бөккен даласында қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен, Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше мейрам. Міне,осыдан бері 74 жыл мерзім уақыт өтті. Биыл Ұлы Жеңістің 74 жылдығын тойлап отырмыз! Мектебімізде 9 мамыр- Ұлы Жеңіс күніне орай «Бейбіт күн жасасын әлемде» тақырыбында салтанатты жиын өткізілді. Жиында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Салтанатты жиынымыздың ашылу құрметіне мектебіміздің директоры Қыстауов Болатбек Тәңірбергенұлына сөз берілді. Оқушыларды, ұстаздарды биылғы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 27 жылдығымен, Отан қорғаушы күнімен, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығымен құттықтап, тілек айтты. Жиынымызда Қасым Қайсенов, Талғат Бигельдинов, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Иван Панфилов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Рақымжан Қошқарбаев сияқты аты аңызға айналған ағаларымыз бен апаларымызды еске алып, бәрі 1 минут үнсіз тұрды. 9 сынып оқушылары салтанатты шерумен өтіп шықты. 6 сынып оқушысы Құдайберген Нұрай «Ана туралы баллада» әнін орындады. Оқушылар Жеңіс күніне арнап тақпақтар айтса, 5 сынып оқушылары көрініс көрсетіп және 10 сынып оқушылары «Катюша» әніне би биледі. 5, 9 сынып оқушылары Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке барды. Мәнерлеп өлеңдер оқыды және гүл шоқтарын қоюып қайтты. Сынып жетекшілер «Ұрпаққа ұлан болған ұлы жеңіс», «Ерліктің жарқын беттері» тақырыбында тәрбие сағаттар өткізді. Мектеп кітапханашылары «Ел мен ердің жеңісі!» тақырыбында кітап көрмесін жасаса, бейнелеу пән мұғалімдері сурет көрмесін ұйымдастырды.